Әзиз НЕСИН
түрік жазушысы
МЕН АТАТҮРІКПЕН ӘҢГІМЕЛЕСТІМ
Содан бері де жиырма жыл өтті. Біз екі жүз адам едік, екі жүз жас лейтенанттар.
Күн сайын тәңертең Мачкадағы әскери мектептің ескілеу казармасынан екі жүз жастың айғай-шуы естіліп тұратын.
Кенет бәрі тым-тырыс бола қалды. Бұрын-соңды болып көрмеген, құлақ естімеген тыныштық орнады. Тіпті сағаттың өзі тоқтап қалғандай көрінді.
— Не боп қалды?
— Не боп жатыр?
Құлаққа мазасызданған сыбыр жетті:
— Ататүрік қайтыс болды…
Дыбыстар, көзқарастар, сезімдер, уақыт, жер – бәрі де мелшие қалған.
Парадтық киімдеріңді киіңдер! — деп бұйрық берді капитан Чийдемоғлы,- Біздің екі курсантымыз Ататүріктің табытын күзетуге Долмабахче сарайына барады.
Менің құрметті күзет орына бару кезегім – түн жарымынан кейін. Алдыда капитан, артта біз — екі лейтенант. Жарты сағат тапжылмастан Ататүрік табытының қасында тұрамыз. Шырақтың жарығы оның жүзіне түсіп, капитанның қылышына отша шашырайды. Біз Ататүріктің мәйітін қарауылдау үшін қалшиып тұрған жоқпыз, біз Төңкерісті күзетудеміз. Ол оны жеңіп алып, бізге қалдырды және жаны жай тапқандай ұйықтап жатыр, өйткені бізге сенеді. Шырақтың жалыны болат қылышта біресе алаулап, біресе сөнеді.
* * *
Жиырма жыл өтті. Сонда менің тамағымды жыбырлатып, көзіме жас тұндырған сол қайғы кеше еңіретіп қайта жылатты… Ататүріктің алдында қайыра тұрдым. Мен 1938 жылдың 10 қарашасына қайтып оралдым. Бірақ, мен не сонда қазір қарауылдамын ба? Біз қарауылда тұрмыз ба? Біз күзеткен сол жеңістің жемісі қайда?
Жан–жағымнан тұман тұмшалап, қоюлана Һәм қараңғылана түсті. Тіпті шырақтың жарығынан да ештеңе көрінбейді.
— Әке, мен сені көріп тұрған жоқпын..- деймін мен.
— Егер сіз менің ойларым мен көзқарасыма қосылсаңыз және түсінсеңіз — ең маңыздысы сол,- деген дауыс келеді құлағыма. Оның дауысы.
— Түсінеміз, әке, бірақ біз оларды айта алмаймыз ғой.
— Егер біз өз ісіміздің тазалығына және сөзіміздің ісімізден алшақ еместігіне сенімді болсақ, онда ол туралы бұлталақсыз ашық та айқын айтуға тиіспіз.
— Біз өз ісіміздің дұрыстығына сенеміз. Бірақ, қорқамыз. Біз, зиялылар, үрейшіл болып алдық, бәрінен қорқамыз.
— Шындықты айтудан қорықпаңдар!
— Бірақ біз шындықтан қорқамыз… Сондықтан ежелден-ақ алдауға дайын тұрамыз, өзімізді адасуға мәжбүр етеміз.
— Біз жағдайды ескере отырып, шешім қабылдап, ащщы да болса, шындықтың көзіне қорықпай-ақ тура қарауымыз керек. Бізге өзімізді және бір-бірімізді алдаудың қажеті жоқ.
— Шындық бізде белгілі бір формада ғана бар. Қалай қабылданғанындай емес, басқаша ойлайтындар оған күдік-күмәнмен қарайды.
— Әрбір тұлға жалпы ұлтқа не керек екенін өзі зерделеуі керек.
— Бізге кеңес берсеңіз, елдегі шетін мәселелерді қалай шешіп, қиындықтан қалай шығуға болады?
— Проблемаларды кездейсоқ оқиғаларға байланысты қарастырмай, олардың мәніне тереңірек үңілу керек.
— Егер бізге оған байланысты өз ойымызды ашық айтқызбаса ше?
— Ойды күштеп, зорлық-зомбылықпен, пушка болмаса винтовкамен басып тастауға болмайды.
— Бірақ ол үшін алдымен баспасөз бостандығы керек қой.
— Баспасөз–ұлттың үні. Баспасөз тәуелсіз күш, мектеп, жетекші болып табылады. Ол қажетті идеялық азық береді, ұлттың сауатын ашып, қай бағыттағы даму жолына түсуі керектігін көрсетіп отырады. Қысқаша айтқанда, — ол бақытқа бастар жол салады.
— Біз «дамымаған ұлт» деген аттан арылуға барынша күш салудамыз, бірақ онымыздан ештеңе шығар емес.
— Ұлттың тек қана кейінге ысыруға болмайтын қажеттіліктерін қанағаттандыру бағытындағы реформалар дұрыс жүргізіліп жатқан жоқ және ең бастыларын айналып өтіп, жеке мәселелерді ғана шешеді.
— Ал сізде қандай бағдарлама болып еді?
— Халық, шаруалар маған жұмыс бағдарламасын өздері ұсынды: жол және мектеп.
— Әке, түрік халқының жетпіз пайызына дерлік сауатсыз.
— Ойланыңыз, біздің әлеуметтік ұжымның сауаттылық пайызы қалай төмен. Ал біздің қоғамның негізгі элементі – шаруалар – сауатсыз. Бұл масқара ғой! Өзін адам санайтындардың бәріне ортақ, жалпы ұлтымыз үшін масқаралық емес пе?! Бірақ біз бұл масқаралықтан құтылып шығамыз. Бұл қателікті түзету үшін әрбір азамат атсалысуы керек.
— Бізде мектеп аз. Оқытушылар қажетті нәрселерге зәру. Олар жетіспейді, мектептер жабылып жатыр.
— Мектептегі оқуды біздің елдің балаларын оқытуды өзінің ісі, өзінің борышы санайтын сыйлы және білікті мұғалімдермен қамтамасыз ете алатын сенімді қолға тапсыру керек. Сондай-ақ, оқытушы мамандығының абырой-беделін арттырып, қажеттіліктерін өтеп, басқа да құрметті мамандықтардың адамдарымен теңестіру қажет.
— Біздің оқу-ағарту жүйеміз қалай болуы керек?
— Көптен бергі еліміздің қожасы және біздің қоғамның негізгі элементі шаруалар, бүгінгі күнге дейін оқу-білімге жолдары жабылған сол бәз-баяғы шаруалар болып табылады. Сондықтан біздің оқу-ағарту бағытындағы саясатымыздың негізі наданықты жою болмақ. Біздің осы мақсаттағы жетістігіміз оқу-ағарту тарихындағы осындай қасиетті кезеңдерден құралмақ.
— Кертартпалар күннен күнге құлашын кеңге жайып барады. Қолдарына сіздің кезіңізде тиым салынған басылымдар мен жарияланымдарды ұстап жүреді.
— Төңкеріс кезіндегі тегеуріннен ескі тәртіптің жақтастары жасырынуға мәжбүр болды, ал олардың ықпалы әлсірей бастағанда қайтадан бой көтеріп, төңкерістің негізін және оның жақсы ұмтылыстары мен қасиетті идеалдарын талқыға салу үшін оңтайлы сәтті күтеді.
— Саяси қайраткерлер сайлаушылардың дауысын жинау үшін кертартпаларға барған сайын көз жұмарлықпен қарай бастады. Әкей, бұл біздің жанымызды тозақтағыдай қинайды.
— Кертартпалық ой-пікірді қорғайтындар белгілі бір деңгейге иек арттық деп ойлайды, бірақ бұл – қиялдағы ойын. Кім біздің прогресстің жолына тосқауыл қояр болса, біз солармен батыл күресеміз, және әрі қарай қадам баса береміз. Біздің жаңару жолында тоқтап қалғымыз келмейді. Әлем қарыштап алға жылжып барады. Біз бұл қозғалыстың жағында қалай тұра аламыз?
— Жоқ, тұра алмаймыз. Кейбір саясаткерлер «демократия – бұл көпшіліктің қалауы» дейді де, осыны көз қылып, кертартпа сөздерімен жетпіс пайызы сауатсыз халықты арандатып, төңкерістің күшін әлсірете түспек.
— Ақиқатты тани алатындардың барлығы дерлік бір де бір төңкерістің көпшіліктің бір ғана шешімімен жасалмайтынын біледі. Ерекше маңызды мәселе туралы азиаттық көнгіштік пен әдеттерге бой үйреткен халықтың пікірін сұрау тіпті де қажет емес. Себебі, олар құрғақ уәдені үйіп-төккіш қара ниетті монапалистік күштердің ықпалында кетуі әбден мүмкін.
— Әкей, сіз «қоғамның негізгі элементі» деп атаған шаруалардың жағдайын жақсарту үшін не істеуіміз керек?
— Ең бастысы, елде жері жоқ шаруа болмауы керек. Ірі жер иелерінің үлесін шектеп, жер учаскелерін ел аймақтарындағы тұрғылықты халықтың жиілігіне және жердің құнарлылығына байланысты кедейлер ортасына тең бөлу керек.
— Әкей, бізге Түркияны қазіргі алдыңғы қатарлы елдерлің деңгейіне көтеру үшін не керек? Шетелдік капитал ма? Біздің жастарды Европа елдерінде оқыту керек пе, жоқ әлде, шетелден мамандар шақыру керек пе?
— Біз ештеңені қажетсінбейміз деп ашық айтуымызға болады. Бізге тек бір-ақ нәрсе — еңбексүйгіштік қана жетпейді!.. Егер біз әлеуметтік бақытсыздығымызды зерделейтін болсақ, бұдан ауырлау сырқатты таппайсыз. Және ең біріншіден бұл сырқаттан құтылу үшін не істеуіміз керек. Ұлтты еңбексүйгіштікке тәрбиелеу керек. Кім ерінбей еңбек етсе, бақыт пен молшылық соның қолында.
— Әкей, үмітімізді неге және кімге артуға болады?
— Екі Мұстафа Кемал бар. Біреуі – мына мен, ажалды Мұстафа Кемал; екіншісі өзім өкілі боп саналатын ұлттың идеалы боп өмір сүретін Мұстафа Кемал. Мен елімізге қауіп төнген кезде қоғамдық аренаға шықтым, мені түрік анасы туған. Енді түрік аналары сондай Кемалдар тумайды дейсіз бе? Білесіз бе, жеңіс менікі емес, ұлттікі. Ендеше үмітті өзіңнің күшіңе артуың керек.
* * *
Шырақ сөніп қалды. Айналаны қараңғылық басты. Жиырма жыл бұрынғыдай, көңілім сеңдей бұзылып, көзіме жас іркілді.
* Автордың ескертпесі — Бұндағы келтірілген сөздердің бәрі Ататүріктің өз айтқандары мен жазғандары.
аударған: Думан РАМАЗАН
жазушы
